ЕСКЕ АЛУ!

Шығыс Қазақстан облыстық бұрынғы Жамбыл атындағы драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі болған Рүстем Оразбайұлы Есдәулеттің көзі тірі болса 15 тамыз күні 43 жасқа толар еді...

Небәрі 31 жасында өмірден озған Рүстемнің жоқтығына ағымдағы жылдың қараша айында 12 жыл...

Режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург, Рүстем Оразбайұлы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туып, сонда өскен. Ол мектепті аяқтаған соң өзінің арманы болған, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп оны үздік аяқтайды да, бірден шығармашылық жұмысқа кіріседі. Алғашқы еңбек жолын «Қазақстан-1» және «Хабар» телеарналарында режиссерлік жұмыспен бастайды.

1998-2002 жж. – «Қазақстан» телерадиокорпарациясының  редакторы, таңертеңгілік тікелей эфирлік ойын-сауықтық бағдарламалардың «Шапағат», «Арай ТВ», «Таң Шолпан», «Жаңа күн», «Шамшырақ» кешкі эфир бағдарламаларының жүргізушісі.

1995 ж - Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік Өнер академиясының  ІІ курс студенті. «Толқыннан толқын туады» жас ақындар өлеңдерінің жинағы басылып шығады, онда Р. Есдәулетовтың өлеңдері енеді (Алматы қ.)

1999 ж – Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік Өнер Академиясының студенті. Дипломдық жұмысы «ХХІ ғасыр ақыны».

Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Омпа» көркем фильмінде эпизодтық рөлі – «Күйеу баланың досы».

 «Ақшам» кешкі жаңалықтарда мәдениет туралы сюжеттердің авторы.

1999 ж - «Таң» телеарнасының жаңалықтар шығарылымының дикторы.

2000 ж - «Жастолқын» І дарынды жастар фестивалінің лауреаты.

Мүшәйра – «Көктем поэзиясы» поэзиялық конкурстың жеңімпазы (Алматы қ.)

2002 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры, қазақ труппасының бас режиссері.

2006 – 2009 жылдар арасында театрдың директоры және көркемдік жетекшісі қызметін атқарады.

«Шабыт» дарынды жастардың Халықаралық фестивалінің «Әдебиет» номинациясының лауреаты - II орын. (Астана қ.)

Артығали Ибраев атындағы Республикалық  жас ақындар сайысының жеңімпазы,  I – орын (Алматы қ.)

«Жазушы» баспасынан «Бөрінама» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. (Алматы қ.)

2006 ж – «Шабыт» дарынды жастардың  IX Халықаралық фестивалінің «Әдебиет» номинациясы бойынша  лауреаты,  I - орын.  «Каракөз» - әңгімесі  (Астана қ.)

Қазақ көрермені үшін Рүстем актер ретінде де танымал. Белгілі «Лаве» фильміне түскен.

Өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген.

2007 ж – «Шәкен жұлдыздары» Халықаралық Алматы кинофестиваліне қатысып, Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» көркем фильмінде «Өмірлік шындық» номинациясының иегері.

2008 ж - "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығының иегері.

2000 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы орыс драма театрының ішінен алғаш рет қазақ труппасы ашылады. Облыс басшыларының мақсаты, осы қазақ труппасын қалайда жетелеп алып шығу еді, оған білімі мен біліктілігі жоғары маман ауадай қажет болатын. Дәл осы кезде шақыртумен келген жас маман Рүстем Оразбайұлы, алғаш рет ақын, драматург Ғ. Байбатыровтың «Өңім бе, әлде түсім бе» трагикомедиясын сахналайды.

Бұл 2002 жыл болатын, міне, осыдан бастап театрдағы жұмысы кеңінен қанат жайып басшылардың, ұжымның өтініштері бойынша театрға директор және бас режиссер болып тағайындалады. Алдына үлкен мақсат қойып, қойылымдар бірінен соң бірі сахналанып, Республикалық, Халықаралық фестивалдерге жол ашылады. Өз шығармашылығында да түрлі жетістіктерге жетіп, ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосады.

Рүстем Есдәулет Санкт-Петербургтегі кіші академиялық Еуропа театрында Лев Додиннің зертханасында дәріс алған жалғыз қазақстандық режиссер. Бір ұл мен үш қыздың әкесі, жары Маржан да өнер саласында қызмет етеді.

Р. Есдәулетов негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін еді. Рүстем Есдәулетов қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым қойып үлгерді. Олар:

  1. Ғ.Байбатыров «Өңім бе, әлде түсім бе» трагикомедия
  2. Н.Зинченко «Ертегіде қонақта» ертегі
  3. Шахимарден «Томирис» трагедия
  4. Д.Исабеков «Актриса» драма
  5. К.Кикути «Оралған әке» драма
  6. Ж.Құдыс «Ант ұрған» драма
  7. Ж.Өзубекова «Толғақ» психологиялық драма
  8. И.Ғайып «Махамбет» трагедия
  9. С.Балғабаев «Ғашықсыз ғасыр» лирикалық драма
  10. Ж.Аймауытов «Ақ білек» драма
  11. Н.Айтұлы «Камей ұшқан» поэтикалық драма
  12. Т.Ахметжанов «Қараторғай» драма
  13. Қ.Жүнісов «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» комедия
  14. Ә.Қаңтарбаев «Армандастар» патриоттық драма
  15. С.Жұмат «Вампир күйеу» комедия
  16. Р.Есдәулетов (инценировка) «Ұр тоқпақ» ертегі
  17. Т.Ахтанов «Әке мен бала» драма
  18. О.Бөкей «Бес тиын» драма
  19. Қ.Қайсенов «Отан үшін» патриоттық драма
  20. Р.Есдәулетов «Марионетка»
  21. Р.Есдәулетов «Махаббат деген немене» поэтикалық композиция
  22. Ғ. Байбатыров «Албасты операциясы» комедия
  23. Е.Есдәулетов «Мысықтар мафиясы» музыкалық ертегі
  24. А.Чехов «Шағала» трагикомедия
  25. Абай «Атымды адам қойған соң...» экспериментік қойылым

Жас, жаңа құрылған қазақ труппасының ірге-тасын қаласып, ыстығына күйіп, суығына тоңып, қайтсем өнердің биік шыңына жеткізем деген - асқақ арман жетелеген... қайран Рүстем. Ол Өскемендегі қазақ театрының негізін қалады. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды.

Мысалы:

2003 жыл. Орал қаласы, Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХV Республикалық театрлар фестивалі И. Ғайыптың «Махамбет»  трагедиялық спектаклі.

«Жас театр ұжымының дебюті» номинациясының лауреаты.

2005 жыл. Қызылорда қаласы, Қ.Жандарбеков пен К.Байсейітованың 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театрлар фестивалі. Т. Ахтановтың «Әке мен бала» психологиялық драмасы.

Ең үздік эпизодтық роль номинациясы.

2006 жыл. Қырғызстан, Шолпон Ата қаласы. Орта Азия театрларының халықаралық АЗЕМИ-2006 театр фестивалі. Ж.Өзубекова «Толғақ» психологиялық драмасы.

Ең үздік психологиялық спектакль номинациясының лауреаты,

Ең үздік заманауи тақырыпқа интерпретация номинациясының лауреаты.

2008 жыл. Ақтау қаласы, Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған ХVІ  Республикалық театрлар фестивалі. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» драмасы.

Арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды.

2009 жыл. Қарағанды қаласы, Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған ХVІІІ Республикалық театрлар фестивалі. Онда мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулетовтың режиссерлік етуімен сахналанған, Абайдың «Атымды адам қойған соң...» эксперименттік қойылымы ІІІ – орынға ие болды.

Осы жылы Рүстем өмірден өткен соң да, оның қойып кеткен эксперименттік қойылымы бірнеше Халықаралық фестивальдердің лауреаттары атанды.

2011жыл. Татарстан, Қазан қаласы. Мамыр-маусым айлары. Халықаралық түркітілдес халықтарының «Науруз» фестивальінің лауреаты.

Татарстан Республикасының мәдениет министрі А.М.Сибагатуллиннің дипломымен, Татарстан Республикасының президентінің атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.

2012 жыл.Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты V Түркітілдес театрлардың халықаралық  фестивалі. Рүстем сахналаған Ұлы Абайдың «Атымды адам қойған соң...» эксперименттік спектаклі

«Ең үздік қойылым» атанады.

2012 жыл. Башқұртстан республикасының Уфа қаласында өткен V Түркітілдес театрлардың халықаралық  фестивалі. «Атымды адам қойған соң...» эксперименттік қойылымы.

«Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі»  номинациясының лауреаты атанды.

Осы байқауда жан-жақтан келген сыншылар, оның ішінде сыншылар алқасының төрағасы – РФ еңбек сіңірген қайраткері, «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Пивоваров Олег Иванович «Өскемендегі салынып жатқан театрға - жас дарын, талантты режиссер Рүстем Есдәулетовтың атын неге бермеске, біз осыны қолға алсақ» - деген, бұл 2012 жылғы фестивальдан соңғы туған ой болатын.

Бұл сөзде тегін айтылмаса керек, хас таланттың есімі ел аузында жүруін қалаған болар!.

Театрдың әдебиет бөлім меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» Ш. Лақаева

 

logo11.png
© 2023 Шығыс Қазақстан облыстық драма театры