ТЕАТР ӨЗ КӨРЕРМЕНДЕРІНЕ ЕСІГІН АЙҚАРА АШАДЫ

9 қазаннан бастап Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында дәстүрлі түрде қойылымдар көрсетілімі басталады.

Қазақ, орыс және жастар труппалары ересектер мен балаларға арналған көрермен көзайымына айналып үлгерген қойылымдарды, сондай-ақ жаңа, тұсаукесерлік қойылымдарды қамтитын репертуарын қайтадан көрермен назарына ұсынады.

Қазақ труппасы 9 қазан күні сағат 18.00-де және 10 қазан сағат 17.00-де XXVII Республикалық театрлар фестивалінде марапатталған М.Әуезовтің "Қанды азу" драмасын үлкен сахнада көрсетеді.

9 қазан күні сағат 15.00-де орыс труппасы өз көрермендерін қазіргі заман драматургі Ю.Тупикинаның пьесасы бойынша қойылған клоунада элементтері бар, шынайы өмірмен ұштасатын "Ба" комедиясымен қарсы алады. Бұл қойылым биыл РФ, Челябинск қаласында өткен «CHELoВЕК ТЕАТРА» халықаралық фестивалінің лауреаты дипломына ие болды.

Ал жастар труппасы 11 қазан күні сағат 17.00-де шығыстың театр сүйер көрермендеріне Эдуардо де Филиппоның "Елестер" драмасының премьерасын ұсынады.

Сондай-ақ, театр көрермендерді күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып қабылдайды, атап айтқанда, медициналық бетпердені міндетті түрде тағу, қолды антисептиктермен өңдеу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қойылым залында шахмат тәртібімен отыру.

Әр қойылымда өнер сүйер қауым үшін орындар саны 50-ге дейін шектелген.

Репертуар жаңалықтарын жіберіп алмаңыздар.

logo11.png
© 2023 Шығыс Қазақстан облыстық драма театры