«КЕДЕРГІСІЗ ОРТА»

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры, қала аумағында өткізілген «Өскемен қаласының үздік қолжетімді нысаны» конкурсында «Кедергісіз орта» номинациясында II орынды иеленді.

Аталған байқау – мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайына қоғамның назарын аудару, оларға әлеумет тарапынан тұрақты толерантты қатынас қалыптастыру, тұрмыста, оқытуда, кәсіби даярлықта, еңбекте, мәдени өмірде өздерінің өмірлік қажеттіліктерін іске асыруға мүмкіндік беретін кедергісіз орта құру мақсатында өткізілді.

Конкурста Өскемен қаласында орналасқан барлық мекемелер мен ұйымдарға қатысу мүмкіндігі берілді. Атап айтқанда, әлеуметтік қорғау, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт мекемелері, сауда орындары және т.б. кәсіпорындар бақ сынасты.

Театр тарапынан барынша мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалуда. Мысалы, ғимаратқа кірердегі пандустар, көрермен залына көтерілуге арналған жеделсатылар ыңғайлы орналастырылған. Сонымен қатар, театр репертуарында көру мүмкіндігінен айырылған балаларға арналған «Друзья Федоры» аудиотактильді қойылымы бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандар – ерекше қамқорлық пен мейірбандылыққа зәру. Сондықтан аталмыш бағыттағы байқаулардың ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Осы орайда, қала әкімі Жақсылық Омар мырзаға театр қызметін бағалап, ынтымақтастық орнатып жатқаны үшін алғыс білдіреміз!

 

logo11.png
© 2023 Шығыс Қазақстан облыстық драма театры