«Алтын ұям – Алтайым» атты шығармашылық кеші өтті

Ағымдағы 2019 жылдың 23 шілдесі күні, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, облыстық драма театрында, Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбектерін жүзеге асыруда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын, жазушы, жерлесіміз – Ұлықбек Есдәулеттің 65 жасқа толуына орай, мерейтойлық «Алтын ұям – Алтайым» атты шығармашылық кеші өтті.

Аталған кештің шымылдығы Ұлықбек Есдәулет туралы деректі фильм көрсетумен басталды.

Кеш жүргізушісі қазақтың көркем әдебиетінен ойып орын алған, еліміздің мақтанышына айналған мерейтой иесін құрметпен сахна төріне шақырды. Облыс әкімінің орынбасары Нүсіпова Әсем Бекқызы, облыс әкімінің атынан қазақтың салт-дәстүрі бойынша, ақынның иығына шапан жауып, жүрек жарды тілегін білдірді.

«Ақынға қанат керек...» атты өлеңін оқыған соң, залдан орын алған Ұлықбек Оразбайұлы, өзінің өлеңдеріне жазылған әндермен ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған кешті тамашалады.

ҚР мәдениет қайраткері, дүл-дүл әнші Еркін Шүкіман, Нұргүл Қабдоллаева, Айжан Мазкенова, дәстүрлі ән өнерінің майталманы Әділ Тұрғанбаев сынды т.б әншілер автордың сөзіне жазылған әндерді орындап, «Салалық мәдениет, спорт туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі» ШҚО филиалының төрағасы, қоғам белсендісі Түсіпхан Түсіпбеков және ақын, мемлекеттің сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Азамат Мұхамедчинов, Шакәрім атындағы университеттің профессоры, сатирик, ақын Бейсембеков Аймуханбет Турсынбекұлы, Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Акберен Елгезек тілектерін білдірді.

Кеш соңында мерейтой иесі Ұлықбек Есдәулет, туған жерге тағзым ретінде ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Облыс әкімдігі атынан құрмет пен арнайы ықылас гүлі табыс етілді. Жерлестері тік тұрып қошемет көрсетті. Өнер кеші өз дәрежесінде өтті.

 

Помощь для Joomla.