
Садуакасова Айжан Мұратқызы
Труппа меңгерушісі
Садвакасова Айжан Мұратқызы 1964 жылы 24 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1983-1987жж. Өскемен мәдени ағарту училищесі «Хореография» бөлімін оқып бітірген.
1985 жылы Айжан Мұратқызы еңбек жолын бұрынғы Үлкен-Нарын ауданы «Көктерек» ауылында мәдениет үйінен бастаған. Кейіннен Зырян ауданына қоныс аударуына орай, Средигорная ауылындағы мәдениет үйінде мәдени ағарту жұмыстарын атқарған. Өскемен қаласындағы №44 мектеп лицейде бірнеше жыл балаларды биге бейімдеу — хореограф маманы болды. Балалар мен жасөспірімдердің №9 кітапханасында әдіскерлік қызметін жалғастырады.
2012 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында қызмет атқарып жүр. Театрдағы еңбек жолын администраторлық қызметтен бастап, көрермендермен қамтамасыз ету саласында еңбек етіп бірнеше алғыс хаттарға ие болды. Осы жұмысты атқара жүріп, театр өнеріне етене жақын екенін және қызметтестерімен тез тіл табыса алатынын көрсетті. 2015 жылы труппа меңгерушісі қызметіне ауысты. Режиссердің ассистенті қызметін қоса атқарады.
2017 жылы мәдениет саласындағы білімін жалғастырып, Бішкек қаласындағы Б.Бишенәлиева атындағы мәдени-өнер және кино университетінің «Әлеуметтік мәдени шаралар» бөлімін сырттай оқып бітірді.
Театрға жасаған адал еңбегі назардан тыс қалып жатқан жоқ. Облыстық «Маска» сыйлығының «Үздік әкімшілік қызметкері» номинациясын екі рет жеңіп алды. Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Облыс әкімі Д.Ахметовтің онымен қоса республика бойынша қоғамдық салалық кәсіподақ төрайымы Светлана Иманқұлованың марапатына ие болды. Мәдениет саласында жиырма жылдан астам жасаған еңбек өтілін ескере отырып, облыстық салалық кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Театр қайраткерлері одағы ұйымның және театрдың салалық кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі.
Режиссердің ассистенті ретінде төмендегі еңбектері театр репертуарында жүріп жатыр:
- Айзат Рақыш «Тегімді менің сұрама»;
- С. Балғабаев «Ең әдемі келіншек»;
- Р. Куни «№13»;
- Ж. Әлікен «Сиқырлы терезе»;
- В. Орлов «Алтын балапан».