ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында 2000 жылға дейін тек орыс драма театры ғана болып келген еді. 2000 жыл Қазақстан Республикасы бойынша өнерді қолдау жылы болып жариялануына байланысты, еліміздің бірнеше облыс орталықтарында драма театрлары ашылды. Соның бірі біздің Өскемен қаласында, көп жылдық тарихы бар, Жамбыл Жабаев атындағы облыстық орыс драма театрының қабырғасынан ашылған қазақ труппасы болды. Облыстың әр қиырынан келіп бақтарын сынасқан байқау барысында он жеті өнерпаз іріктелініп алынды. Театрдың алғашқы режиссеры болып Құрманғазы атындағы консерваторияны әйгілі режиссер Асқар Тоқпановтың класын тәмамдаған, үлкен өнердің іздеушісі, шығыс жерінде, сонау 80-ші жылдардан бастап, театр ашуды өзіне көп жылдар бойы мақсат, мұрат етіп, сол кездегі бірнеше облыс басшыларының табалдырығын тоздырған, нағыз өнер иесі, жанашыры – Төлеухан Бадығанов сайланады. Труппа өз шымылдығын, сол 2000 жылы, «құласаң нардан құла дегендей», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклімен ашты. Облыс орталығындағы кәсіпқой қазақ театрының сахнасына алғаш шығуға лайықталған өнерпаздар кімдер еді?
Олар, көбісі әлі күнге дейін өз көрермендерінің ықыласына бөленіп, театр өнерінің нығайып, өркендеуіне орасан үлес қосқан, өмірлерін өнерге арнаған майталмандар: Социал Дөңсебаев, Минутбек Шідеринов, Абаш Кәкенов, Қанатбек Ниязбеков, Майра Қаламқызы, Тұрсынбек Дүзбаев, Гүлбақыт Бақтыбаева, Аманжол Хамзин, Әскербек Қайырханов, Мадина Құмарова, Бауыржан Рахымбеков, Ертай Хасенов т.б.
Олардан тыс Семейдің Абай атындағы музыкалық-драма театрынан тәжірибелі актриса Сайраш Қопабаева, сан қырлы өнерпаз актер Бейбіт Құсанбаевтар келіп қосылды. Жыл толмай Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай өзінің шәкірттері Мадина Исина, Жанна Сүлейменова, Бақыт Қанат, Дәулет Мұқаш сынды Ж.Елебекеов атындағы колледж түлектерімен актерлер сапын толықтырып, репертуарға М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклін қосты.
Сол жылы-ақ труппа алғаш рет бәйгеге түсіп, Алматы қаласында өткен шағын комедиялардың блиц-фестивалінде, он жеті театр қатынасқан сында, Т. Дүзбаевтың «Ырылдарсың – қаппассың…» қойылымымен, алты номинацияның бірегейі – «Көрермен ілтипаты» жүлдесін иемденді. Сол кездегі еліміздегі ең танымал, озық режиссерлер: Шопан Кәрібаев О. Бөкейдің «Желтоқсан желі», Сәлима Тасименова Иран Ғайыптың «Негізгі шаруа» пьесаларын өте жоғары деңгейде сахналады. Төлеухан Бадығанов қойған Мұхаметқали Хасеновтың «Пай, Пай, жас жұбайлар-ай» спектаклі сол кездегі жастардың ең сүйікті спектакліне айналып, көрермендер әр актердің ойынына арнайылап келетіндей дәрежеге ие болды. Осындай үлкен ынтызарлықпен басталып, көрермен жүрегін жаулап үлгерген театрға жас режиссер Рүстем Есдәулетовтің келуі труппаға қосымша, үлкен серпін берді. 2002 жылы алғашында бір қойылым қойып кетуге келген режиссер, труппа әлеуетін бірден сезініп, осы театрда қалуға бел байлады. Труппа алғашқы фестивльдеріне шыға бастады.
2003 жылы Орал қаласындағы М. Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХV Республикалық театрлар фестиваліне И. Ғайыптың «Махамбет» трагедиялық спектаклімен қатысты.
2005 жылы Қызылорда қаласында Қ. Жандарбеков пен К. Байсейітованың 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театрлар фестиваліне Т. Ахтановтың «Әке мен бала» психологиялық драмасымен қатысып, театрымыздың актрисасы Гауһар Сүлейменова «Ең үздік эпизодтық рөл» номинациясын жеңіп алды.
2006 жылы Қырғызстан Республикасы, Шолпон Ата қаласында өткен Орта Азия театрларының АЗЕМИ – 2006 театр фестиваліне Ж. Өзубекованың «Толғақ» психологиялық драмасын сахналап, «Ең үздік психологиялық спектакль», «Ең үздік заманауи тақырыпқа интерпретация» номинацияларының лауреаты атанды.
2008 жылы Ақтау қаласында Н. Жантөриннің 80 жылдығына арналған ХVI Республикалық театрлар фестивалінде Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» драмасымен фестиваль лауреаты атанды.
2009 жылы Қарағанды қаласы, Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған ХVІІІ Республикалық театрлар фестиваліне Абайдың «Атымды адам қойған соң» эксперименттік қойылымын сахналап, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Дәл осы қойылыммен 2011 жылы Татарстан Республикасы, Қазан қаласында өткен Х халықаралық түркітілдес халықтардың «Науруз» фестивалінің лауреаты атанды.
2012 жылы Турксой халықаралық ұйымы арқылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты V Түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне шақыру алып, Абайдың «Атымды адам қойған соң» эксперименттік қойылымымен қатысып қайтты. 16 мемлекеттен қатысқан түрлі өнер ұжымдары арасында бұл эксперименттік спектакль «Ең үздік қойылым» болып табылды.
2012 жылы Башқұртстан республикасының Уфа қаласында өткен V Түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне дәл осы эксперименттік қойылыммен қатысып, «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» номинациясын жеңіп алды.
2012 жылы ШҚО мәдениет басқармасы және Жамбыл атындағы облыстық драма театрының ұйымдастыруымен облыс көлеміндегі театрлардың – театралдық мәдени қарым-қатынасын кеңейту, шығармашылық байланысты нығайту, шынайы өнер бәсекесін жандандыру, тәжірибе алмасу, театр өнерін дамыту мақсатында облыста бірінші рет ұйымдастырылды. ШҚО бойынша алғаш «І Халық театрлары фестивалі» өтті.
2014 жылы Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өткен «Алаштың ардақтысы» аймақтық театр фестиваліне Ұ. Есдәулеттің «Қара пима» қойылымымен қатысты. Айдын Салбанов «Режиссерлік алғашқы қадам» номинациясын, ал ҚР «Мәдениет қайраткері» Майра Арғынбекова «Екінші кезектегі әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды.
2019 жылы Семей қаласындағы Абай театрында өткен Ә. Өмірзақованың 100 жылдығына орай өткен республикалық фестиваліне Б.Ұзақовтың «Қанды азу» қойылымымен қатысып, Елдос Мәсәлім «Екінші кезектегі үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алды.
2021 жылы Атырау қаласындағы Р. Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестиваліне Р. Отарбаевтың «Көлеңке» қойылымымен қатысып, арнайы сыйлыққа ие болды.
2022 жылы Орал қаласы, Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткен І республикалық моноспектакльдер фестиваліне «Тегімді менің сұрама» моноспектаклімен қатысып, алғыс хатпен марапатталды.
2024 жылы 1 – 5 қазан аралығында театрымызда Б. Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалі өтті. Бұл фестивальге О. Бөкейдің «Қар қызы» қойылымымен қатысып, «Ең үздік сценографиялық шешім» номинациясын және ШҚО әкімінің арнайы сыйлығын жеңіп алды.
Орыс театры
Қазіргі Орыс театрының тарихы алыстағы 1902 жылдан бастау алады.
Ол кезде театр Халық үйі деп аталған, оның ашылуы 1902 жылдың 26 қазанында өтті.
Алғашқы қойылған пьеса — «Рабочая слободка». Сол кезде тұрақты кәсіби театр болмағандықтан, 1935 жылы қала тұрғындары М. И. Калининге труппа құруға көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш қабылданып, 1936 жылдың қаңтарында Н. Гогольдің «Женитьба» спектаклімен алғашқы театр маусымы ашылды.
1939 жылы Шығыс Қазақстан облысы дербес әкімшілік бірлік болып бөлінді де, Өскемен қалалық театрына облыстық театр мәртебесі берілді.
1941 жылдың маусымында театр ғимараты фашистік Германияға қарсы күреске жұмылдыру орталығы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары мен алғашқы соғыстан кейінгі онжылдық театр тарихында ерлік пен жанкешті еңбектің кезеңі ретінде қалды. Жылытылмайтын, бірақ көрерменге толы залда «Русские люди», «У стен Ленинграда», «Нашествие» сияқты спектакльдер адамдардың жеңіске сенімін нығайтты.
1946 жылдың шілдесінде Өскемен қалалық атқару комитетінің шешімімен облыстық драма театрына ұлы қазақ ақыны – Жамбылдың есімі берілді. Бұл – оның туғанына 100 жыл толуына орай жасалған еді. Сол кезеңдегі театр репертуарында орыс және шетел классикасына үлкен көңіл бөлінді.
Бүгінде театрға арнайы таныстырудың қажеті жоқ.
Театрдың шығармашылық ұжымы мен қойылымдарын тек өскемендіктер ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығы таниды. Театр гастрольдік сапармен Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина және Беларусь елдерінің түрлі қалаларында болды. Сонымен қатар, театр труппасының қоржынында көптеген халықаралық театр фестивальдерінен алған марапаттар бар.
2007 жылы Астана қаласында өткен XV Республикалық театр фестивалі «Ура, каникулы!» аясында К. Чуковскийдің «Муха-Цокотуха» музыкалық ертегісі «Лучшая сказка» номинациясы бойынша лауреат атанды.
2011 жылы Мордовия, Саранск қаласында өткен VI Международный фестиваль «Соотечественники» аясында «Играем Пушкина» спектаклі «За талантливое сценическое воплощение пушкинской прозы» арнайы дипломына ие болды.
2012 жылы «Играем Пушкина» спектаклі IV Международный фестиваль – лаборатория камерных театров и спектаклей малых форм «МОЛДФЕСТ. РАМПА. РУ» (Кишинев, Молдова) лауреаты атанды.
2014 жылы Н. Гогольдің «Женитьба» спектаклі XIX Международный театральный фестиваль «РУССКАЯ КЛАССИКА. ЛОБНЯ» (Лобня, Ресей) фестивалінің үш номинациясы бойынша марапатталды:
«Лучшее оформление спектакля»,
«Лучшая мужская роль»,
«Лучшая эпизодическая роль».
2015 жылы «Играем Пушкина» спектаклі XX Международный театральный фестиваль «РУССКАЯ КЛАССИКА. ЛОБНЯ» аясында Гран-при жеңіп алды.
2016 жылы Н. Гогольдің «Женитьба» спектаклі Астанада өткен IV Международный театральный фестиваль «Сахнадан сәлем!» лауреаты атанды.
2019 жылы театр келесі халықаралық театр фестивальдеріне қатысты:
«SAMGAU» (Астана) – О. Жанайдаровтың «Джут» спектаклімен;
«Белая Вежа» (Брест, Беларусь) – К. Чуковскийдің «Друзья Федоры» атты аудиотактильді спектаклімен.
2020 жылы Ю. Тупикинаның «Ба» спектаклі VIII Международный театральный фестиваль-лаборатория спектаклей малых форм «CHELоВЕК ТЕАТРА» (Челябі, Ресей) лауреаты атанды.
2024 жылы А. Пушкиннің «Дубровский. Начало…» спектаклі XXVIII Международный театральный фестиваль «Белая Вежа» (Брест, Беларусь) аясында «Лучший актерский ансамбль» номинациясында жеңімпаз болды.
Андрей Воронин, Сергей Астраханцев, Татьяна Баева секілді режиссерлер шығармашылық ізденісті тоқтатпауда. Театрда жыл сайын 5 жаңа спектакль қойылады. Репертуарға классикалық және заманауи драматургия, сондай-ақ балаларға арналған ертегілер кіреді.
Жанрлық және тақырыптық алуан түрлілік – ұжымның кәсіби кемелдігін көрсетеді.
Көп жылдар бойы театрда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері қызмет етіп келеді. Сондай-ақ театр жас мамандармен толығуда.
Оларды біріктіретіні – өнерге деген сүйіспеншілік пен сахнаға құрмет.
Жоғары рухани миссия мен кәсіби дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.
Театрда бірнеше театрлық әулеттер бар: Мищенко, Латфи, Кобловтар, Ворониндер, Снегиревтер, Витмандар, Емельяновтар. Олардың театрға қосқан жалпы еңбек өтілі — бірнеше жүз жыл!
ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫ
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры 2015 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президенті қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Жастар театры Өскеменде жаңа театр ғимараты қолданысқа берілген соң облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша 2015 жылы құрылған болатын. Қазір жас өнер ұжымы облыстық театрдың қазақ және орыс труппаларымен қатар жұмыс істеп жатыр. Театрдың басты ерекшелігі – қазақ тілімен қатар орыс тіліндегі кез келген қойылымдарды сахналауы. Сонымен қатар, аталған ерекшелікке ие бола отырып, қазіргі заманауи театр процесінде болып жатқан басты жаңалықтарды өз спектакльдерінде, көркемдік-идеялық мәні жоғары дүниелерді сахналау театрдың басты мақсаты болып табылады. Театр актерлері – Астана қаласының Қазақ ұлттық өнер университетін биыл бітіріп, өнер жолына енді қадам басқан өрімдей жас таланттар болса, енді бірі Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген, сахна төрін көрген, аз да болса тәжірибе жинақтаған жас актерлер.
2015 жылы 4 — қараша күні Жастар театрының бірінші театр маусымын американдық драматург К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» комедиясымен ашылып, режиссер А. Салбановтың «Сүйіңдерші адамдар…» поэтикалық қойылымымен жалғасты. ШҚО драма театрының Жастар труппасы репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Жастар театрының репертуарына 2016 жылы М. Сәрсекенің «Теңдерге түскен келіншек» драмасы, Е. Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» драмасы, балаларға арналған А. Салбановтың «Ормандағы оқиға» ертегісі, М. Хасеновтың «Жасасын махаббат!» комедиясы;
2017 жылы М. Бажиевтің «Нәзи» драмасын, Кен Людвигтің «Бикештер» музыкалық комедиясы, Ю. Энтин, В. Ливановтың «Бремен музыканттары» музыкалық ертегісі;
2018 жылы И. Сапарбайдың «Мәжнүн» лирикалық драмасы, Б. Абдуразззаковтың «Айналайын» драмасы, У. Гаджибековтың «Аршын мал алан» мюзиклі, режиссері Грузиядан келген Гоча Хвичиа, Н. Мусаеваның балаларға арналған «Сенімді дос» ертегісі, Т. Нұрмағанбетовтың «Табалдырығыңа табын» драмасы, мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздегі сыбайлас-жемқорлыққа қарсы Ә. Ақтайдың «Ай қараңғысы» драмасы, режиссер А. Салбанов;
2019 жылы М. Задорновтың «Вабанк» комедиясы, А. Әуезханұлының «Ақыл патшалығы» ертегісі, Д. Саламаттың «Қасқыр шөп жей ме?» ертегісі;
2020 жылы Жастар труппасының 20-шы қойылымы белгілі тәжік режиссері Б. Абдураззаков, Эдуардо Де Филиппоның «Елестер» драмасын сахналанды.
2015 жылдан бастап жаңадан құрылған Жастар театры төрт жылдың ішінде Халықаралық, республикалық деңгейдегі фестивальдерге қатысып жүлделі орындарға ие болды. Олар Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өткен XIV халықаралық жастар фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Аталған фестивальде «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер», «Жүрек қағысы» атты музыкалық пластикалық қойылымдарды сахналады. Жастар театрының үлкен жетістіктерінің бірі 2017 жылы Л. Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклімен үш бірдей театр фестиваліне қатысып театр сыншыларының жоғары бағасын алды. Сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен ІІ Республикалық эксперименталдық театр фестиваліне қатысып « Үздік актерлік ансамбль » номинациясын иеленді.
2019 жылдан бастап театрымыздың көркемдік жетекшісі болып Едіге Ақылбеков тағайындалды. Бүгінгі таңда театрымызда 15 актер қызмет атқарады.
Оперетта театры
Оперетта театры — оперетталар, мюзиклдер мен музыкалық комедияларды сахналауға маманданған театр. Театр 1902 жылы салынған тарихи ғимаратта орналасқан. 2020 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, кейін 2024 жылы оркестр оркестр шұңқыры жасалып, заманауи сахна жабдықтарымен жасақталды.
Оперетта театры 2024 жылы құрылды. Бұл сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың бастамасы болатын. Театрдың алғашқы «Magic on stage» концерттік бағдарламасы аншлагпен өтті. Бағдарлама труппаның репертуарынан алынған оперетта мен мюзикл жанрындағы жарқын нөмірлерден құралды.
Театр репертуарында Иоганн Штраус, Сыдық Мұхамеджанов, Гаэтано Доницетти сынды ұлы композиторлардың шығармалары бар.
Сахнада театрдың академиялық солистері, хоры және балеті өнер көрсетеді.
Театрдың симфониялық оркестрі музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Оркестрге оперетта театрының көркемдік жетекшісі, бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсанов жетекшілік етеді.