ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨКІЛІ

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры Ұябай Дынмұхамет Мамырханұлы 60 жасқа толды. Мерейлі мерекеңіз құтты болсын!

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қызметкерлері мен актерлері арасында ескі театр, жаңа театр деген сөз қалыптасып кеткен. Өткен бір жағдайды қозғамас бұрын, ескі театрда жүргенде деген сөз бірінші болып айтылады.

Мұндағы айтпағым, сол кішкентай қаланың бұрынғы тарихынан сыр шертетін мәдени ескерткіш театрда – орыс труппасы 79 жыл, қазақ труппасы 14 жыл қала қалқына рухани азық силады. Бірге тату-тәтті еңбек етіп Театр өнерінің мәйегімен бөлісіп, мәдени өмір орталығына айналды.

Осы ескі театрда 2014 жылы театр басшылығы ауысып, яғни директор болып Күршім ауданы Амангелді селосының тумасы Ұябай Дынмұхамет Мамырқанұлы келді. Ата-анасы, достарының айтуымен Доскен атанған азамат, Т.Жүргенев атындағы театр және өнер институтының музыкалы комедия факультетін тәмәмдаған соң, Талас Өмірзақовтың ұйымдастыруымен ашылған «Шәкәрім мектебі» эксперименттік театрда Қазақстанның халық артистері Ә. Өмірзақова, Қ. Жәкібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғ. Құлжановтармен бірге қызметтес болып бір жылдан соң, өз қалауы бойынша Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында актер болып орналасады. Жоғары оқу орынын бітіргенге дейін, Семейдің М. Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің «вокал» бөлімін аяқтаған жас актер, бірден Республикалық драма әртістерінің әншілер фестиваліне қатысып арнайы дипломмен марапатталады. Бірнеше спектакльдерде түрлі жанрдағы образдары сомдап жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы; И.Кальман «Сильва»-Бони, И.Штраус «Жарқанат»-Альфред, Ғ.Мүсірепов «Қыз-Жібек»-Шеге, Т.Нұрмағамбетов «Табалдырығына табын»-Жө, М.Әуезов «Айман-Шолпан» ақын Балпық, «Қаракөз» – ақын Асан, А.Цагарели «Ханума» муз.комедия Түйметей, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» – Мамыр, О.Бөкей «Атау кере»-Аңшы шал, Ж.Аймауытов «Ақбілек»-Мамырбай, Ж.Шанин «Арқалық батыр»-Ду-ду, С.Балғабаев «Ең әдемі келіншек» – Абдулла, Р.Куни «Шытырман оқиға» – Ричард Уилли, Ж.Артықбаев «Малайсары Тархан»-Зайсан, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» – ақын Сердәлі т.б.

24 жыл Павлодар театрында қызмет ете жүріп, актерліктен театр директорының орынбасарлығына дейінгі тәжірибелік жолдан өткен Дынмұхамет Ұябай, адал еңбегінің нәтижесі ретінде 2004 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет министрілігінің «Құрмет» грамотасы, 2007 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісіне ие болып, 2012 жылы Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталады.

Алғаш басшылық қызметке келгенде Дынмұхамет Мамырқанұлының алдында үлкен жұмыс күтіп тұр еді. Салынып, енді қолданысқа берілуге дайындық үстіндегі ғимаратты сапалы түрде, тиянақты өткізіп алу, қазақ, орыс труппаларын жағдайларына қарай орналастыру болатын, осы кезде облыс басшысының қолдауымен «Жастар» театрының ашылуы, бәрі бір мезетке тап келді. Жаңа басшы осының бәрін ретке келтіре білді. Ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Н.Назарбаев келіп лентасын өзі қиып, барлық жағдай жасалған өнер ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтады. Бұл 2015 жылдың 7 сәуірі еді. Елбасының арнайы келіп ашуы, өңіріміздегі өнердің дамуына тың серпін беріп, үлкен қуаныш, зор мәртебе болды. Сондай-ақ, Ел өміріндегі елеулі мерекелермен тұспа-тұс келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл атаулы мерекелеріне арналған қойылымдардың тұсауы да осы жаңа ғимаратта кесілді. «Қазақ театрына 15 жыл!!!» мерейтойлық кеште осы театрда өтті.

Сондай-ақ, қазақ труппасы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясын аяқтаған кәсіби актерлермен, ал жастар театры Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы түлектерімен толықты. Театрға келген барлық мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Осы кезең ішінде театр директоры Д. Ұябайдың ұйымдастыруымен, бағыт – бағдарымыздың дұрыстығы мен актерлердің кәсіби деңгейін көтеруде, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театртанушы Сәния Қабдиева және аталған академияның доценті, өнертану кандидаты, театртанушы Меруерт Жақсылықова арнайы шақыртумен келіп, «Шеберлік класстарын» өткізді. Сын – театр үшін аса қажет, сол арқылы жас маман жинақталып, тәжірибелі мамандар заманның ағымына қарай жұмыс жасауға лайықталады. Сол сияқты, «Тіл тазалығы мен сөз әрекеті» және «Сахналық кейіпкерді жасау элементтері» бойынша, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының төрағасы  Т.Жаманқұлов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К. Белжанова шеберлік сыныптарын өткізді сондай-ақ, Ресейлік Игорь Качаевтың өткізген шеберлік сыныбында сахна қозғалысының жаңа дағдыларын игерді.

Дынмұхамет Мамырқанұлы басшылық еткен осы бес жыл ішінде үш труппа да жемісті еңбек етіп, әлемдік, республикалық фестивальдерге қатысып – театр өнерін 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өткен XIV халықаралық жастар фестивалінде насихаттаса, 2017 жылы Қырғызстан және Астанада Л. Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклімен қатысып театр сыншыларының жоғары бағасын алды. Сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен ІІ Республикалық эксперименталдық театр фестиваліне қатысып «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді.

Жас талантты қолдау, өнерді қолдау мақсатында – 2018 жылы режиссер Салбанов Айдын Башқұртстанның Уфа қаласында А. Вампиловтың 80 жылдығына орай өткізілген режиссерлер лабораториясына қатысып, «Үздік режиссер» атанып келсе, 2018 жылы «Самғау» VI Халықаралық фестивалінде ерекшелігімен көзге түсті. Сондай-ақ, «Наурыз» V Түркі халықтарының халықаралық театрлық білім беру форум-фестиваліне көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев және орыс труппасының әдебиет бөлім меңгерушісі Д.Волкоедова – шеберлік сабақтар, семинарлар мен дәрістеріне қатысып, өз білімін шыңдап қайтты. Орыс труппасы да, Нұр – Сұлтан қаласында өткен VІІ «Samgau» Халықаралық театр фестивальі, Сахнадан сәлем!, Алтай аймағындағы Бийск қаласы, сондай-ақ, биылғы жылы Ресейде өтетін Халықаралық фестиваль – зертханасына жолдама алды. Қазақ труппасы 2015 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Қазақ хандығының 550 жылдығы» номинациясына, 2019 жыл Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған, Қазақстан драма театрларының ХХVІІ – ші республикалық театр фестиваліне қатысып, қазылар алқасы ұжымның шығармашылық деңгейінің көтерілгенін айта келіп, «Бораш» ролін сомдаған Елдос Мәсәлімге «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын табыстады. 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, белгілі режиссер Жанат Хаджиев атындағы ІІ Халықаралық театр фестивалінен тәжірибемен оралды. Мамыр айында Ә.Сығай атындағы фестивальге қатысу жоспары тұр.

Сондай – ақ, театр ардагерлері де назардан тыс қалмай, кешегісі мен келешегі үшін қажырлы еңбек етіп келе жатқан С.Қопабаева, А.Воронин, Г.Бақтыбаева, В.Муравицкий, А. Латфи сынды актерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің, шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөнінде 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша, Ресейдің Алтай аумағы Қос ағаш ауылында іс – сапарда болып қайтты. Осы орайда, бұл іс-сапардан алатын тәжірибе алмасу, бір-бірінің мәдениетін жете-терең түсінуге, театр ұжымдарының мәдениетті дамытудағы – шығармашылық тығыз байланысы, елдер арасындағы тіл және рухани байлықты сақтауға көп себепкер екені белгілі.

Бүгінде атқарылатын жұмыстар қатары баршылық. Қазақ театрының 20 жылдық мерейтойы және еліміздің президенті Т.Тоқаев Абайдың 175 жылдығын кең көлемде мерекелеуді тапсырды. Соған орай, жоспарланған іс-шаралар көлемді«Қара сөздерінің дүниетанымдық ерекшеліктері», «өлеңдері мен әндері» арқылы заманды танып-білу, Абай мұраларын әлемдік кеңістікке насихаттау мақсатында «Мен бір жұмбақ адаммын...» атты театрландырылған композициямен; Ресейдің Омбы қаласы, түркі тілдес (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) елдеріне гастрольдік сапар 2020 жылғы маусым-тамыз айларына жоспарлануда. Ал, орыс труппасы мерейтойға байланысты М.Әуезовтің «Абай жолы» романына негізделген пьеса: «Сенде біздей ойлайсың!» («И ты своими мыслями подобен нам!») атты, Абайдың орыс классиктерімен танысқан кезеңін суреттейтін қойылыммен дайындық үстінде. Сонымен қатар, Жастар труппасы жергілікті «Алтай» телеарнасымен бірлесіп «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан...» атты телебағдарламаның жобасын жасауда.

Сондай-ақ тәжірибе алмасуда Әлемдік, республикалық дәрежеде танымал режиссерлерді шақыртып қойылым қойғызып, шығармашылық ұжымның деңгейін көтеруде де көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы; Барзу Абдуразаков, Болат Ұзақов, Сайлау Камиев, Рача Махатаев, Ақыш Омар, Гоша Хвичиа, Сламбек Жұмағали, Баатырбек Шамбетов т.б.

Театр бүгінгі таңда, Елбасының жолдауына сәйкес – тарихи қойылымдармен қатар заманауи қойылымдардың санын арттыру мақсатында бар күш-жігерлерін салып жұмыс жасауда. Репертуарда тарихи драмалық қойылымдар, комедиялық, лирикалық драма, форс-мажор, әпсана, поэтикалық сондай-ақ, балаларға арналған ертегілер жан-жақты қамтылған.

Сондай-ақ, экстремизм, радикализм, терроризм бағытындағы, замана індеті – нашақорлық жайында, ұлтымыздың тілі, мәдениеті көрініс тапқан – рухани құндылықтарымыз, ұлттық кодты сақтауда т.б көптеген қойылымдар бүгінде театр репертуарында бар, жүріп жатыр.

Осы орайда, театр басшысы Дынмұхамет Мамырқанұлының еңбегі еленіп 2017 жылы атқарылған жұмыстарға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының атынан, «ЕКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұлттық өнерімізбен мәдениетімізді көрсетуге бағытталған іс-шарада ұйымдастыру тұрғысында белсенділік көрсеткені үшін «Алғыс хат» тапсырылды. Сонымен қатар облыстық қазақ драма театрының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берілді.

Ал, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» толуына байланысты мерекелік медальімен марапатталды.

Бес жылда атқарылған жұмыстар қатарының жартысы ғана. Біздің мақсатымыз түгендеп жазу емес, жасалынған еңбекті бағалай білу. Кез келген халықтың мәдени-рухани жағдайын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – ұлттық театрдың кәсіби деңгейі мен көркемдік дәрежесі. Ал мұның өзі халықтың өз театрларына деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыра түсетіні айқын. Бүгінде бір ғимаратты бөлісіп отырған үш труппа белсенді және тату-тәтті еңбек етуде.

Алпыс жасты еңсерген жігіт ағасына келген жасыңыз құтты болсын дей келе, деніңіз сау, басыңыз аман болып, еңбектің жемісін – отбасының жылуын тілейміз.