АЛТАЙ ШЫҢЫНДАЙ АСҚАҚ БЕЙНЕ
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында есімі алты алашқа әйгілі жазушы, публицист, журналист,
жерлесіміз Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған “ҚАР ҚЫЗЫ” драмасының тұсаукесері өтті.
Қойылымның қоюшы-режиссері - арнайы шақыртумен келген, есімі Қазақстанның үздік режиссерлерінің қатарына енетін Дина Жұмабай.
Бүгінгі премьераның облыс үшін маңызын сезінгендей-ақ жексенбінің кешінде қасиетті өнер ордасына жиналған жұрт қарасы қалың.
Шығыста алғаш рет сахналанған шығарманың маңызын көрермендер қатарында бой көрсеткен ұстаздар қауымы да атап өтті. Оқушылар Оралхандай тұлғаның асыл туындыларын терең түсіну үшін театрға бас бұрғандарын да жасырмады.
Спектакльге ойысатын болсақ: “Сиыршы шал” рөліндегі актер Қанат Ниязбеков домбыраның қоңыр үнімен оқиға барысын баяндауды бастады. Бұл “Қар қызымен” таныс емес көрерменге қойылымнан хабардар болуға мүмкіндік берді. Ал “Қар қызы” рөліндегі Айым Бегматтың сахналық костюміндегі қазақи нақыштағы оюлар бірден көзге түсіп, ызғарлы көрініске еніп тұрған сахнаға бояу қосқандай. Еділ Мекешов (“Нұржан”), Еркебұлан Какимов (“Аманжан”), Арыстанбек Мұқияттың (“Бақытжан”) актерлік тандемі сәтті орындалды десек артық айтқандық емес. Негізгі кейіпкерлердің жан толғаныстарын, мінездерін, өмірге деген көзқарастарын айқын жеткізе білген үш актер жаңа амплуада көрінді.
Бәрін айт та, бірін айт мың рет естігенше, бір рет көрген артық! Театрға келіңіз, көрермен!